Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі «D» және «E» санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар болды. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дауырхан Асылбек баяндама жасады.
Баяндамашы өз сөзінде аудан бойынша әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектер, жұмыспен қамту шаралары, мемлекеттік бағдарламалар арқылы табысын арттыру бағытындағы жұмыстар туралы мәлімет берді. Мәжілісте қаралған екінші мәселе - Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне дайындық барысы. Аталған мәселе бойынша мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова баяндама жасап, Наурызнама аясында өтетін 10 күндік мерекелік іс-шаралар жоспары таныстырылды.
Баяндамашының айтуынша, аудан аумағында ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға, спорттық және танымдық іс-шараларды өткізуге басымдық берілмек. Жиын барысында аудан әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы отбасылардың тұрмыс сапасын жақсарту, оларды жұмыспен қамту мәселесін жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Наурыз мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастырып, тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі