САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ

САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ
 
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген азаматтар негізінен әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. 
Жеке қабылдау барысында тұрғындар электр энергиясы төлемақысының қымбаттауы, елді мекендерді абаттандыру, жер теліміне қатысты құжаттарды рәсімдеу, тұрғын үй құжаттарын заңдастыру, жұмысқа орналасу, қоғамдық жұмыстарға тарту, әлеуметтік көмек мәселелері жөнінде өтініш білдірді. Сонымен қатар, ауылдардағы жол мен көше жарығы, көпірді кеңейту, мазаратқа апаратын жолды реттеу сияқты инфрақұрылымдық ұсыныстар да айтылды.
Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі жауапты бөлім басшылары мен сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды міндеттеді. Кейбір мәселелерге сол жерде түсіндірме берілсе, бірқатары тиісті мекемелердің қарауына жолданды.
Аудан басшысы тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын атап өтті. «Әрбір тұрғынның мәселесі біз үшін маңызды. Азаматтардың ұсыныс-пікірлері ауданның дамуына бағыт береді. Сондықтан көтерілген әрбір мәселе заң аясында қаралып, тиісті шешім қабылданады», - деді.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі