АҚТӨБЕ СУ ҚОЙМАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

АҚТӨБЕ СУ ҚОЙМАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
 
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Ақтөбе су қоймасына арнайы барып, нысанның техникалық жай-күйін тексерді. Су тасқынының алдын алу және қауіпсіздік шараларын күшейту бағытындағы жұмыстар пысықталды.
1988 жылы пайдалануға берілген Ақтөбе су қоймасы өңірдегі маңызды гидротехникалық нысандардың бірі саналады. Сыйымдылығы 6,11 млн текше метрді құрайтын су қоймасы 880 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су айдынының аумағы – 1,30 шаршы шақырым, тереңдігі – 14 метр, ұзындығы – 1750 метр.
Аудан әкімі нысан басында жауапты сала мамандарымен кездесіп, су деңгейі мен қашыртқы жүйесінің жұмысын тексерді. Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеуде. Қашыртқының су тастау қабілеті секундына 60 текше метрді құрайды, ал бас су бөлгіш құрылымы арқылы секундына 2 текше метр су жіберіледі.
Аудан басшысы гидротехникалық құрылыстардың беріктігін сақтау, жағалауды бекіту және су өткізу арналарының тазалығын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі