Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан және қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың қызметтік тиімділігіне жүргізілген бағалау нәтижесінде Сауран ауданы өңір бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізіп, рейтингтің көш басынан көрінді.
Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген алқа отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жан-жақты талқыланды. Жиында бекітілген 9 блок пен 97 индикатор негізінде жүргізілген бағалау қорытындысы жарияланып, Сауран, Жетісай және Созақ аудандары үздік үштікке енді.
Облыс бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 113,9 пайызды құрап, Түркістан облысы республика көлемінде үшінші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіштерге жетуде аудан әкімдіктерінің жүйелі жұмысы мен нақты индикаторларға бағытталған басқару шешімдерінің маңызы зор екені атап өтілді.
Сауран ауданының рейтинг көшбасшысы атануы – аудан әкімдігі мен салалық бөлімдердің үйлесімді жұмысының, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыруға бағытталған нақты шаралардың нәтижесі. Ауданда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және халықпен кері байланысты күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Алқа отырысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров қызметтік тиімділік көрсеткіштері орындаушылық тәртіп пен жауапкершіліктің нақты өлшемі екенін атап өтіп, әрбір индикатордың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін қадап айтты. Жиынды қорытындылай келе, облыс басшысы алдағы кезеңде де жоғары нәтижені сақтап қалу, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестиция көлемін ұлғайту басты міндет болып қала беретінін жеткізді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі