КІРІС КӨЗДЕРІН ҰЛҒАЙТУ ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

КІРІС КӨЗДЕРІН ҰЛҒАЙТУ ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
 
Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалығымен аппараттың мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен кеңесшілері, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім және аумақтық орган басшылары қатысты.
Мәжілісте үш мәселе күн тәртібіне қойылды. Атап айтқанда, кіріс көздерін ұлғайту бойынша атқарылатын жұмыстар, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы шаралар, сондай-ақ табиғи газдан уланудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Тасырбаев Мухтар баяндама жасап, кіріс көздерін арттыруға қатысты жоспарлы жұмыстар мен алдағы кезеңдегі міндеттерді таныстырды. Аудан әкімі бұл бағытта нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды күшейтіп, жоспардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Екінші мәселе бойынша Бабайқорған ауылдық округінің әкімі Мынтаев Жасұлан төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Мәжіліс барысында қауіпсіздік талаптарын сақтау, алдын алу шараларын жүйелі жүргізу және жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
«Сауран газ қызметі» КММ басшысы Жақсылықов Кенжебай табиғи газдан уланудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан түсіндіру және қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат берді. Аудан әкімі тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, профилактикалық жұмыстарды күшейту және бақылау шараларын жүйелеу бойынша тапсырмалар жүктеді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі мәселелердің аудан үшін маңызын атап өтіп, әрбір бағыт бойынша нақты орындаушылық тәртіпті сақтауды және тапсырмалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі