ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ: БАЛТАБАЙ ЖАРЫЛҚАСЫНОВПЕН РУХАНИ КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТТІ

ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ: БАЛТАБАЙ ЖАРЫЛҚАСЫНОВПЕН РУХАНИ КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТТІ
 
Сауран ауданында білім мен тәрбие саласына саналы ғұмырын арнаған ардақты ұстаз, ел құрметіне бөленген азамат Жарылқасынов Балтабай Ермекбайұлымен «Тұлғалар тағылымы» атты рухани жүздесу кеші ұйымдастырылды.
Тағылымды кездесу кеші аудан орталығындағы Басқармалар үйінде өтті. Шараның мақсаты – ұстаздың өнегелі өмір жолын көпшілікке таныстырып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
2021 жылдың тамыз айынан бастап Сауран ауданы Ақсақалдар алқасының төрағасы болып сайланып, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне бағытталған игі бастамаларға ұйытқы болып келеді. Кештің ашылу салтанатында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз сөйлеп, Балтабай Ермекбайұлының ұстаздық жолы мен қоғамдағы қызметіне жоғары баға берді.
– Балтабай Ермекбайұлының өмір жолы – адал еңбектің, білім мен тәрбиеге деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Мұндай тұлғаларды ұлықтау – кейінгі буынға өнеге, қоғам үшін маңызды құндылық, – деді аудан әкімі. Сонымен қатар, аудан басшысы арнайы құттықтау адресатын табыстап, сый-сияпат көрсетті.
Шара барысында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов және Түркістан облысы білім, ғылым және салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөз сөйлеп, ұстаз еңбегінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпақты білімге ұмтылып, елге адал қызмет етуге шақырды.
Рухани кеш аясында аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, әсем әндер мен әсерлі музыкалық шығармалар орындалды. Шараның мазмұнын байыта түскен өнер көрсетілімдері көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі