САУРАН АУДАНЫНДА ГАЗ ҚҰБЫРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

САУРАН АУДАНЫНДА ГАЗ ҚҰБЫРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
 
Аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту бағытында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ және Қосмезгіл елді мекендерінде басталған газ құбырының құрылыс жұмыстарымен танысып, нысандардың бастапқы барысын қадағалады.
 
Жұмыс барысына жауапты бөлім басшылары, мердігер мекемелердің өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік маңызына тоқталып, құрылыс сапасына және мерзімінде аяқталуына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
 
Шорнақ елді мекені бойынша ұзындығы 43,7 шақырым газ құбыры тартылып, 634 газ реттеу пункті орнатылады. Жоба толық іске асқанда 975 үй қосылып, шамамен 4 850 тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Қосмезгіл елді мекенінде ұзындығы 59,7 шақырым газ құбыры салынып, 950 газ реттеу пункті орнатылады. Бұл жобаның нәтижесінде 1 470 үй газ жүйесіне қосылып, 7 350 тұрғын табиғи газбен қамтылады.
 
Аудан әкімі құрылыс барысын қадағалау кезінде - «Газдандыру – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған басты бастама. Бұл жобалар жүзеге асқанда тұрғындардың көптен күткен мәселесі шешімін табады. Сондықтан жұмыстың әр кезеңі сапалы әрі дер кезінде орындалуы қажет», - деді.
 
Кездесу соңында аудан басшысы ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеліп, атқарылатын жұмыстардың кезең-кезеңімен халыққа ашық түсіндіріліп отыруы керектігін айтты. Аталған жобалар толық іске асқанда Шорнақ пен Қосмезгіл елді мекендерінің тұрғындары көптен күткен табиғи газға қосылып, тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтермек.
 
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі