Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындармен ашық диалог орнату мақсатында жергілікті халықпен кездесу өткізді. Жиынға ауданның ауылдық округінен келген азаматтар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін тыңдап, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыру болды.
Кейбір елді мекендерде ауыз су құбыры тозып, қысым жеткіліксіз екендігі айтылды. Бұл мәселені шешу үшін аудан әкімдігі тарапынан қосымша су ұңғымаларын қазу және су құбырларын жаңарту жобалары дайындалып, тиісті басқармаларға ұсынылды. Тұрғындар газ құбыры тартылғанымен, жұмыстар кешеуілдеп жатқанын жеткізді. Әкім бұл бағытта газ жүйесіне қосылу рәсімдерін жеңілдетіп, мердігер компаниялардың жұмысын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, жаңа жобалар республикалық бюджетке ұсынылғанын атап өтті.
Кей ауылдық округтерде электр жарығы жеткіліксіз екендігі көтерілді. Бұл мәселені шешу үшін энергетика бөліміне қосымша шамдар орнату және ескі желілерді жөндеу бойынша нақты жоспар жасақтау тапсырылды. Ауыл шаруашылығына қажетті судың тапшылығы да айтылды. Әкім бұл мәселені шешу үшін қосымша ұңғымалар қазып, су көздерін пайдалану бағытында арнайы жобалар әзірлеуді міндеттеді.
Аудан басшысы - «Халықпен тікелей сөйлесіп, олардың өтінішін тыңдау – ең басты міндетіміз. Әрбір мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады. Жедел әрекет етуді қажет ететін сұрақтарды бірден назарға алып, тиісті бөлімдерге тапсырмалар жүктедім. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – біздің ортақ мақсатымыз», – деді. Кездесу соңында аудан әкімі көтерілген барлық мәселелерді бақылауға алып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі