Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аппараттық апталық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде жаңа оқу жылына дайындық, ұлттық ауыл шаруашылығы санағы және қоғамдық-саяси ахуал мәселелері қаралды. Білім бөлімі басшысы Ғани Әметбеков жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады. Ол мектептердің жөндеу жұмыстары, оқулықтармен қамтамасыз ету және ұстаздардың жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәлімет берді. Аудан әкімі оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанын атап өтіп, «Білім саласына қатысты мәселе - ең басты назарда. Әрбір мектептің дайындығы толық болуы тиіс. Әсіресе, жөндеу жұмыстары мен оқулық жеткізілуін қатаң қадағалаңыздар», - деп нақты тапсырма берді.
Аудандық статистика басқармасының басшысы Камилжан Нурышов ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жүргізілу барысы жайында баяндады. Мәліметтерді толық әрі нақты жинаудың маңыздылығына тоқталған аудан әкімі - «Санақ - елдің аграрлық саясатын дұрыс жоспарлауға негіз болатын маңызды іс. Әрбір ауылдық округте түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, шаруалардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету қажет»,-деді.
Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат Қалеке қоғамдық-саяси ахуалға тоқталды. Аудан әкімі бұл ретте бірлік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, «Ақпараттық жұмыстарды жүйелі жүргізіп, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына дер кезінде жауап беріңіздер», - деп тапсырма жүктеді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі