Сауран жұртшылығы алтыннан алқа таққан чемпионын зор қуанышпен қарсы алды. Жуырда Грекияның Афина қаласында өткен әйелдер арасындағы еркін күрестен U17 Әлем чемпионатында топ жарған жерлесіміз, Усманова Мадхия туған жерге абыроймен оралды.
Әуежайдан бастап ауданға дейінгі жолда Мадхияны қарсы алушылардың қуанышы ерекше болды. Ресми қарсы алу рәсімінде жас чемпионға құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды. Салтанатты іс-шараға Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдібаев, ауданның спорт сүйер жастары, жаттықтырушылар, ұстаздар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров өз сөзінде:
— Бұл жеңіс – тек Мадхияның ғана емес, бүкіл Түркістан облысының мерейі. Біз осындай табанды, дарынды жастарымызбен мақтанамыз. Мадхия – алдағы Олимпиадаларда ел намысын қорғайтын болашағынан зор үміт күттіретін спортшы, — деп атап өтті.
Еске салайық, Усманова Мадхия 57 келі салмақ дәрежесінде финалда Үндістаннан келген қарсыласын 6:5 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанған болатын. Ол – «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМКК жанындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының шәкірті.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі