АУДАН ӘКІМІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

АУДАН ӘКІМІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға алдын ала жазылған 5 азамат қатысып, түрлі бағыттағы 6 мәселе көтерілді. Онда мәселелердің ішінде тұрғын үй, жер телімін беру, ағын судың жетіспеушілігі, инфрақұрылым мен жайылым жерлерді абаттандыру, сондай-ақ салыққа қатысты құқықтық сипаттағы сұрақтар болды.
Тұрғын үй алу жөнінде өтініш білдірген азаматшаға Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес кезекке тұру тәртібі түсіндірілді. Қажетті құжаттарды жинақтап, тиісті санаттар бойынша тіркелу жолдары баяндалды. Ағын су жетіспеушілігіне қатысты шағымға байланысты облыс көлеміндегі су тапшылығы мәселесі айтылып, нақты су алқаптарына ұңғымалар қазу арқылы жағдай ішінара шешілгені жеткізілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған құдық қазу мәселесі бойынша мемлекеттік субсидия алу тәртібі түсіндірілді.
Жеке балабақша салу үшін жер телімін сұраған азаматқа ауданның бас жоспарына сәйкес балабақшаға арналған екі орын қарастырылғаны, аталған телімдердің алдағы уақытта аукцион арқылы ұсынылатыны айтылды. Жайылым жерлерге жол және инфрақұрылым тарту мәселелері бойынша бүгінгі таңда аудандық бюджеттен қаражат қаралмағаны мәлімделіп, алдағы жоспарларға енгізу туралы ұсыныстар назарға алынды.
Сондай-ақ, меншік құқығына қатысты құқықтық мәселе көтерген азаматқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлік пен жер телімі бойынша туындаған құқықтық жағдайлар түсіндіріліп, тиісті құжаттар негізінде заңды иесі анықталғаны айтылды. Аудан әкімі көтерілген барлық мәселелерді жеке бақылауға алып, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі