ӘКІМ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖИЫНЫ ӨТТІ

ӘКІМ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖИЫНЫ ӨТТІ
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында бірқатар маңызды бағыттағы жұмыстар талқыланып, салалық бөлім басшыларының есептері тыңдалды.
Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Ол туризм саласындағы бақылау, мониторинг жүргізу тәжірибелері мен профилактикалық іс-шараларға тоқталды.
Әрі қарай құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдын Абдигаппаров сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген ұзаққа созылған құрылыс нысандары мен инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді. Ол құрылыс мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету, ашықтық пен бақылауды күшейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тәжібеков қоғамдық даму саласындағы іс-шараларды қаржыландыру кезінде кездесуі мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы баяндама жасады. Ол қаржыландыру процесіне бақылауды жетілдіру, ашықтық механизмдерін қамтамасыз ету бағытында қолға алынған іс-шаралар жайлы айтты.
Жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы толық ақпарат ұсынды. Ол жер учаскелерін бөлу процесіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, электронды платформа арқылы өтініш беру механизмдері енгізілгенін жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында бірлескен жұмыстарды одан әрі жетілдіруді, әрбір салада бақылау мен ашықтық принциптерінің толық сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі