Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында аудан көлеміндегі қоғамдық қауіпсіздік, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, бейнебақылау жүйесін жетілдіру және ауыр қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Алдымен Сауран аудандық полиция бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Данияр Түймебаев 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген іс-шаралар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы есеп берді. Ол аудан көлеміндегі қылмыстардың ашылуы, профилактикалық іс-шаралар мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дауырхан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша жүргізілген жұмыстарды баяндады. Ол әлеуметтік әдістемелер мен профилактикалық кездесулердің маңызын атап өтіп, тұрғындарға бағытталған түсіндіру жұмыстарының нәтижесін ұсынды.
Әкімшілік және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Асқар Дайрабаев қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы толық мәлімет берді. Оның сөзінше, цифрлық технологиялар арқылы бақылау жүйесін жетілдіру бағытында нақты жоспарлар іске асырылуда.
Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитов ауыр қылмыстардың алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстар мен кездескен мәселелер туралы есеп берді. Олар жергілікті тұрғындар арасындағы профилактика, түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров әрбір бағыт бойынша нақты тапсырмалар беріп, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау, профилактикалық іс-шараларды жүйелі жүргізу және ведомствоаралық үйлесімді іс-қимылды жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі