Сауран ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқынды жалғасуда. Бүгін аталмыш акцияның «Киелі мекен» айдары аясында аудан аумағындағы тарихи-рухани нысандардың бірі — «Үкаша ата» кесенесінің маңы абаттандырылып, санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Ауқымды шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тұрғындармен бірге тазалық жұмысына атсалысты.
– Қасиетті орындарды көркейту – бұл тек сыртқы тазалық емес, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған игі іс. Туризмді дамыту үшін инфрақұрылыммен қатар, тарихи нысандардың айналасын ретке келтіру – басты міндеттердің бірі. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 53 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағында жүйелі тазалау жұмыстары жүріп жатыр, – деді аудан басшысы.
Жалпы көлемі 90 гектарды қамтитын «Үкаша ата» кесенесінің аумағында бейберекет өскен ағаштар мен қураған шөптер жиналды. Шамамен 100 метрге жуық бұлақ көзі ашылып, құдық маңы қоқыстардан және тасталған металл шелектерден тазарды.
Экологиялық шараға ауылдық округтерден жиналған жүзге жуық тұрғын мен мемлекеттік қызметшілер бірлесе қатысып, аумақты ретке келтіруге өз үлестерін қосты. Іс-шараның басты мақсаты – киелі жерлердің тазалығын қамтамасыз етіп, табиғат пен тарихтың тұтастығын сақтау.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі