АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОРАНҒАЙ АУЫЛЫНДА ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОРАНҒАЙ АУЫЛЫНДА ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ
2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуда ауылдың даму мәселелері мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік өкілдері және дербес бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында округ әкімі Берік Қуандық 2025 жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді. Оның айтуынша, ауылдық округте ауқымды жұмыстар атқарылып, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, салықтық түсімдер жоспары артығымен орындалып, мүлік салығы 102,7%, жер салығы 788,9%, көлік салығы 255,0% болып орындалды. Сонымен қатар, 247 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығы саласында 2 900 гектар жер игеріліп, 1,45 млрд теңге инвестиция тартылды. 169 шаруа қожалығы 2 975 гектар жерге егін егіп, ауылда 101 жеке кәсіпкер, 34 нысан мен 169 шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеуде.
Тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірнеше маңызды мәселені көтерді. Атап айтқанда, көлік жолдарын жақсарту, жол белгілерін орнату, жаңа әлеуметтік нысандар салу, балалар алаңдарын көбейту, жер телімдерін бөлу мәселесін шешу және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету туралы ұсыныстар айтылды.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауылда ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтіп, тұрғындармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды. Ол көтерілген барлық ұсыныстар ескерілетінін және оларды кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
 Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі