Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған кестеге сәйкес Иассы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауылдық округ әкімі Сыздық Пирметов алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша, ауылдық округтің жылдық бюджеті толық көлемде игеріліп, салық түсімдері 25,3 млн теңгеге жетті. 138 адам жұмыспен қамтылып, 106 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. 1329 гектар егістік жер толық игеріліп, 13 мың тоннадан астам мал азығы дайындалды. Ауыл шаруашылығы кооперациясына және кәсіпкерлікке бағытталған жобалар шеңберінде 149,7 млн теңге инвестиция тартылып, жылыжай, мал бордақылау алаңдары мен өндірістік нысандардың құрылысы басталды. Ауыз су жүйесін жетілдіру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз су сапасы мен қысымының төмендігі, тұрғын үй салуға жер телімдерінің жетіспеушілігі, жол бойына бақылау камераларын орнату, мобильді байланыс антеннасын орнату, электр қуатының әлсіздігі және трансформатор қажеттілігі, сондай-ақ ішкі жолдардың жағдайы секілді мәселелерді көтерді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кездесуде тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарын тыңдай келе: «Әрбір көтерілген мәселе – ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды сұрақтар. Біз бұл ұсыныстарды назарға алып, нақты шешу жолдарын қарастырамыз. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар арқылы ауылдың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасын табады», – деді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі