Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев жергілікті өнім өндірушілер мен жергілікті ірі 5 сауда желісінің арасында үш жақты меморандум жасасты. Меморандум шарты бойынша сауда желілері отандық өнім өндірушілерге көбірек сауда сөресін беруі және «Қазақстан жасалған» таңбасын кеңінен қолдануы керек. Сондай-ақ ірі сауда желілері отандық өнім өндірушілері жеткізген тауардың төлемін 14 күн ішінде жүзеге асыруы қажет. Меморандумға қатысушы отандық өнім өндірушілердің қатарында өңірге танымал «Maga-Bread», «Берекет-Ф», «Agargan», «Ақтау Агро», «Тұман Шах», «Әділ сүт зауыты», «Korkem Alem», «Жаңаөзен сүт зауыты», «Brick Center», «Millina Food Production company LTD», «Nataly Company», «Актау – Балык Компании», «Акво Идеал», «Керуен ауыз суы», «Керемет FOOD», «Доктор Агро» ЖШС, «Абдрахманов» ЖК, «Рысбек» ЖК, «Еңбек» ЖК, «Қайнар» ЖК, «JIBEK» сияқты жеке кәсіпкер бар. Ал ортақ келісімге қатысқан жергілікті ірі сауда желілерінің қатарында «Анвар», «Дина», «Алтын фуд», «Лидер» және «Аман, Дана және Нұр» сауда желілері бар.
«Өткен жылы 12 жергілікті тауар өндірушімен меморандум жасалса, биыл олардың саны 23-ке жетті. Бұл шара жергілікті тауар өндірушілерге ерекше назар аударып отырғанымызды білдіреді. Жалпы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті өнім өндірушілерді қолдау, азық-түлік өндірісін арттырудың маңызы зор», - деді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мураталиев.