Жарты жылда сауда заңнамасын бұзған 2 228 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды

Жарты жылда сауда заңнамасын бұзған 2 228  сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды

Жыл басынан бері Сауда комитетінің өңірлердегі департаменттері сауда заңнамасын бұзғаны үшін 2 357 әкімшілік іс қозғады. Нәтижесінде 2 228 әкімшілік қаулы қабылданып, 381 сауда субъектісіне айыппұл салынса, құқық бұзушылықты алғаш жасаған кәсіпкерлік субъектілеріне 1 847 ескерту берілді. Өткен  жылдың  сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың 6 айында мемлекеттік бақылау нәтижелерінің көрсеткіші 2 еседен астам өсті.

Заң бұзушылықтың  басым  бөлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 2 бабы бойынша байқалып отыр. Бірі – ӘМАТ тауарларына сауда үстемін арттыру (ӘҚБтК-нің 204-4-бабы), екіншісі - баға белгілерінің болмауы немесе әртүрлі бағаларды қолдану (ӘҚБтК-нің 193-бабының 4 және 5-тармағы).

Сауда үстемесін арттырғаны үшін Алматы қаласындағы республика көлемінде бірнеше филиалы бар «SMALL» және  «METRO» ірі сауда желілері, сондай-ақ мегаполистегі аса ірі  премиум-класстағы «Esentai Gourmet» гастрономы  әкімшілік  жауапкершілікке  тартылды.