Қазақстандағы су тасқыны: сауда желілеріне баға тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы түсіндірілді

Қазақстандағы су тасқыны: сауда желілеріне баға тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы түсіндірілді

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков Қазақстанның ірі сауда желілерімен онлайн-кездесу өткізді. Оған республикалық және өңірлік деңгейдегі 17 сауда нысанының өкілдері қатысты. Оның ішінде төтенше жағдай жарияланған Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары мен Батыс Қазақстан облыстары да бар.

Кездесу барысында сауда желілеріне әсіресе су басқан өңірлерде азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу қажеттігі туралы түсіндірілді.

Сондай-ақ, Сауда комитеті азық-түлік өнімдерін уақтылы және үздіксіз жеткізу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін логистикалық мәселелерді шешуге сауда желілеріне көмек көрсетуге дайын екендігін хабарлады.

Жеткізілімдер мен азық-түлік тапшылығының тәуекелдеріне жедел ден қою үшін бөлшек сауда компанияларының өкілдеріне Комитет басшылығының нөмірлері берілді.

Өз кезегінде желілер қоймаларда өнімнің жеткіліктілігі туралы хабарлап, қиындықтар туындаған жағдайда дереу байланысқа шығатындарын айтты.