Ұлытау облысының кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқықығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында кәсіпкерлік сектор мен құқықтық салаға қатысты негізгі мәселелер талқыланды. Күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі – Көлеңкелі экономиканың үлесін азайту болды.
Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің жедел бөлімінің бастығы Ермек Данышев көлеңкелі экономиканың дамуына ықпал ететін себептерді анықтау және жою мақсатында мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасында тығыз өзара іс-қимыл орнату қажет деген бастама көтерілгендігін жеткізді.
Өз кезегінде Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Ғалымжан Сүтбаев аталған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, адал кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған бірқатар шараларды ұсынды.
Ұлытау облысының сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Женісбек Ахметов жиын маңыздылығын атап өтіп, департаменттің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Нарық заманында бағаны тұрақтандыру мақсатында, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық түліктерге тауарлық үстемені 15 пайыздан асырмай сату қажеттігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін бекіту туралы Ұлытау облысы әкімдігінің 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына сәйкес бағалар бекітілгендігін жеткізді. Осыған орай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағаларын мөлшерінен асырған кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 202 бабына сәйкес бірінші ретте 100 АЕК, қайталанған жағдайда 200 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылғандығын ескертіп өтті. Сөзін түйіндей келе, департамент басшысы Жеңісбек Алпамысұлы кәсіпкерлерді Қазақстан Республикасының «Сауда саласын реттеу» және «Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңдарын бұзбауға шақырды.
Кеңес төрағасы Ерболат Бурибаев әр кәсіпкер өзін қорғалған сезіне алатын ашық және адал бизнес-ортаны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күресу – нарықтың барлық қатысушыларының бірлескен күші екенін айтып, Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдап, құқықтық кеңес пен қажетті көмекті үздіксіз көрсетіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, кадрлық өзгерістерге байланысты Кеңес құрамына өзгеріс еңгізілді.