2025 жылдың 30 мамырында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Павлодар облысының Тереңкөл ауданына жұмыс сапарымен барды. Бірінші вице-министр Тереңкөл ауылында жергілікті тұрғындармен, кәсіпкерлер және бизнес өкілдерімен кездесуде ішкі сауда, салық саясаты, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шараларын талқылады.
Тереңкөл ауданы Омбы облысымен шекаралас орналасқан логистикалық орталық әрі трансшекаралық ынтымақтастық аймағы болып табылады. Мұндағы экономика белсенділігі өңір үшін де, республика үшін де стратегиялық мәнге ие.
Кездесу барысында Айжан Бижанова кәсіпкерлердің мәселелерін мұқият тыңдап, шағын және орта бизнес субъектілерінің өнімнің өзіндік құнынан бастап, логистикалық шығындар мен өнімді сату шарттарына дейінгі қиындықтарына назар аударды. Вице-министр ашық диалогты қолдап, бизнестің ұсыныстары нормативтік база мен қолдау механизмдерін жетілдіруде ескерілетінін айтты. Кездесудің басты тақырыптарының бірі – салық заңнамасындағы өзгерістер болды.
«Үкімет бөлшек саудаға арналған жеңілдетілген салық режимін сақтап қалды. Маслихаттардың шешімі бойынша салық ставкасын 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, бизнестің бөлінуін болдырмау мақсатында жаңа Салық кодексінде айналым шегі 2,3 млрд теңгеге дейін көтерілді. Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне арналған жеңілдіктер де сақталып, 80%-ға дейін арттырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты Парламентте ҚҚС-ның нөлдік ставкасын енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл 19 атаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының халыққа қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын бағаларды тұрақтандыру механизмі қайта қаралуда. Оған қолдау нақты әлеуметтік топтарға бағытталады. Павлодар облысында мұндай азаматтардың саны шамамен 74 мың адам», – деді Айжан Бижанова.
Сонымен бірге, сауда рәсімдерін жеңілдету, бөлшек сауда желілеріне қолжетімділікті арттыру және тауар сапасын жақсарту мәселелері де қарастырылды. Бұл мақсатта заңнамаға өзгерістер енгізу және реттеуші құжаттар мен стандарттарды жаңарту жоспарлануда.
Павлодар облыстық маслихатының депутаты Гүлмира Нұрханова ауылдық жерлердегі бөлшек сауданы нормативтік деңгейде бекіту, арнайы шарттар, жеңілдіктер мен логистикалық шығындарды субсидиялау мәселесін көтерді.
Айжан Бижанова бұл бастаманың маңыздылығын атап, ұсыныстарды профильді ведомствалармен бірге жан-жақты қарауға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, логистикалық мәселелердің бір бөлігін әлеуметтік-азық-түлік корпорацияларының қатысуымен шешу мүмкіндігі бар екенін айтты. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды тасымалдайтын көліктерге төлемді жолдарда жеңілдіктер енгізу мәселесі де қарастырылуда.
Сондай-ақ, бірінші вице-министр «Ет бастауы» ЖШС ет комбинатын аралап, сиыр етінің бағасының өсуіне әсер ететін факторларды зерттеді. Баға құрылымы, өнімнің өзіндік құны және еттің халыққа қолжетімділігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.