Сарыағаш аудандық мәслихатының кезекті қырық бесінші сессиясы

Сарыағаш аудандық мәслихатының кезекті қырық бесінші сессиясы

КЕЗЕКТІ СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сарыағаш аудандық мәслихатының кезекті қырық бесінші сессиясы өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жергілікті бюджеттің орындалуына қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Сессияға мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы төрағалық етті. Сессия жұмысына аудан әкімі Арман Айдарұлы Абдуллаев, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, депутаттар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібіне енгізілген 17 мәселе бұған дейін тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жан-жақты талқыланып, пысықталған болатын. Осыған сәйкес депутаттар аудандық және қала, ауылдық округтердің 2025 жылғы бюджеттерінің орындалуы, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының қорытындылары, 2026–2030 жылдарға арналған ауданның даму жоспарының іске асырылу барысы, аудандық кірістер басқармасы, білім, экономика және қаржы, жер қатынастары бөлімдерінің атқарған жұмыстары, ауылдық округ әкімдерінің есептері, сондай-ақ аудандық мәслихаттың бақылауындағы шешімдердің орындалу барысы жөніндегі мәселелерді қарады.

Сонымен қатар, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамына, аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарына, ауданның даму жоспарына және әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы шешім жобалары талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша депутаттар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, көтерілген мәселелерге жауапты мекеме басшылары тарапынан тиісті түсіндірмелер берілді. Қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктелді.

Сарыағаш аудандық мәслихат аппараты