Бүгін Сарыағаш аудандық мәслихатының төрағасы Рысбек Асылбекұлы Қабланбек ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында Жонарық елді мекені тұрғындарының өтініштері тыңдалып, инфрақұрылымдық мәселелер талқыланды.
Қабылдаудың күн тәртібіндегі негізгі мәселелер:
• Жол жөндеу жұмыстары: Жонарық ауылының Ж. Орынбаев көшесіне орта жөндеу (асфальт төсеу) жұмыстарын жүргізу бойынша өтініш қаралды. Бұл мәселе бойынша Ж. Орынбаев, Қайыпжан ата, Қошқарбек ата, Ө. Үйсінбаева және А. Дауытбаева көшелеріне орта жөндеу жүргізу үшін 215 440,693 мың теңгеге сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі таңда аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамаға құжаттар әзірленуде.
• Жарықтандыру жүйесі: Достық көшесіндегі 28 дана күйген жарық шамдарын жөндеу мәселесі көтерілді. Аталған жұмыстарды атқару үшін сметалық құны 3 072,737 мың теңгені құрайтын құжаттама дайындалып, аудандық экономика және қаржы бөліміне ұсыныс жолданды.
Мәслихат төрағасы қабылдауға келген азаматтарға көтерілген мәселелердің шешілу жолдары мен мерзімдері туралы заң аясында түсініктеме берді. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы орындалуы мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы аудандық мәслихаттың тұрақты бақылауында болады.
Сарыағаш аудандық мәслихат аппараты