Қарағанды облысында газбен жабдықтау желілері кеңейтіліп, жаңа қалалар мен кенттер газға қосылуда

Қарағанды облысында газбен жабдықтау желілері кеңейтіліп, жаңа қалалар мен кенттер газға қосылуда

Биыл табиғи газ Қарағанды қаласының жаңа аудандарына және өңірдегі өзге де елді мекендерге жеткізіледі. Облыста ауқымды газдандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 16,5 мың жеке тұрғын үйдің иелері табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Жобалардың іске асырылу барысы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Теміртау қаласын газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Мұнда 6,5 мың жеке тұрғын үйге газ желілері тартылып, 2,5 мыңнан астам отбасы табиғи газды пайдаланып отыр. Тұрғындардың бір бөлігі үшін тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы рәсімделетін жеңілдетілген несие бағдарламасының арқасында газға қосылу анағұрлым қолжетімді болды.

Қарағанды қаласында да жұмыстар жалғасуда. Құрылыстың кезекті кезеңдері аяқталғаннан кейін тағы 8 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.

— Төртінші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Табиғи газды тұтынушыларға беру тамыз айына жоспарланған. Қазіргі уақытта бірінші кезектің алтыншы іске қосу кешенінің құрылысы жалғасып жатыр, — деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Ірі жобалардың бірі — Шахтинск қаласын газдандыру. Жоба аясында ұзындығы 230 шақырымнан асатын газ тарату желілерін салу көзделген. Жоба аяқталған соң 2,6 мыңнан астам абонент табиғи газға қосыла алады.

Өңірдің өзге де елді мекендерін газдандыруға дайындық жүргізілуде. Шет ауданында табиғи газды төрт ауылға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ Саран қаласын, Ақтас пен Дубовка кенттерін, сондай-ақ «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын газдандыру жобалары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары алынды.

Ақтау және Ғабиден Мұстафин атындағы кенттерде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін тағы 9,5 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.

— Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері бес елді мекеннің тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. Техникалық мүмкіндікке ие абоненттердің жартысынан көбі газға қосылып үлгерді. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық аясында газ тарату жүйесінің сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдануда, — деді QazaqGaz Aimaq компаниясының Қарағанды өндірістік филиалының директоры Владислав Кисиков.

Кеңес қорытындысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды, сондай-ақ тұрғындарды табиғи газға қосылу мүмкіндіктері мен қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен ақпараттандыруды тапсырды.

— Облысты газдандыру мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Сондықтан халықты газ тарату желілеріне қосу қарқынын күшейтіп, қосылуға техникалық мүмкіндігі бар тұтынушыларға техникалық шарттарды беру үдерісін жеделдету қажет. Барлық жауапты қызметтер өзара үйлесімді жұмысты, жоспарланған іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.