Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран: пайдалану талаптарына өзгерістер енгізілді

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран: пайдалану талаптарына өзгерістер енгізілді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 маусымдағы №556 қаулысымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының мәтінін пайдалану (орналастыру, орнату) қағидаларын бекіту туралы» қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қаулы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімді білдіру және еліміздің жетістіктерін қолдау мақсатында Мемлекеттік Туды ғимараттарға, тұрғын және тұрғын емес үй-жайларға, сондай-ақ балкондарға (45 градус бұрышпен) орналастыра алады. Жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде 3 метр биіктікте ілінуі тиіс. Қараңғы уақытта жарықтандыру міндетті емес. Техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, Туды үйге іргелес аумақта жеке ту тұғырына орнатуға рұқсат етіледі.

Кез келген өлшемдегі Мемлекеттік Ту ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес болуы тиіс. Тудың жерге, еденге немесе суға тиюіне жол берілмейді. Тік орналастырылған жағдайда ұлттық ою-өрнек жоғарғы бөлікте орналасуы қажет. Тудың тозуы, жамауы, тесілген жерлері, ластануы, оңуы немесе мыжылуы сияқты ақауларға жол берілмейді. Сондай-ақ Туды қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жерге тастауға немесе қорлауға тыйым салынады.

Іс-шараларда Мемлекеттік Туды коммерциялық мақсатта пайдалануға жол берілмейді. Оны жарнамада, сондай-ақ киім, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан немесе төсеніш ретінде пайдалануға болмайды. Көлік құралдарының салонында пайдалануға рұқсат етіледі.

Қағидалар 24-1-тармақпен толықтырылып, спортшылардың спорттық киімі мен жабдықтарында Мемлекеттік Тудың бейнесін пайдалануға ресми түрде рұқсат берілді.

Мемлекеттік рәміздерді интернет-ресурстарда, ақпараттық стендтерде және плакаттарда орналастыру кезінде олардың бір деңгейде орналасуы және мынадай ретпен берілуі міндетті: алдымен Мемлекеттік Ту, кейін Мемлекеттік Елтаңба, одан соң Мемлекеттік Әнұран. Стендтер мен плакаттарды рәсімдеу кезінде көк түсті фон қолданылып, жазулар алтын түспен орындалуы тиіс.

Мемлекеттік рәміздер мен Әнұран мәтіні орналастырылған стендтер мен экспозициялар орналасқан үй-жайлар эстетикалық талаптарға сай рәсімделіп, шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, өтетін дәліздерден және киім ілетін орындардан алыс орналасуы қажет.