
Қарағанды облысында мемлекеттік органдар жұмысының жаңа тәсілдері мен мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жаңа талаптар талқыланды. Негізгі өзгерістер туралы Қарағанды облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Жандос Сәрсен Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып берді.
Бұған 2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңа редакциясы себеп болды. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген түзетулер пакеті де қабылданды.

Жандос Сәрсеннің айтуынша, реформалардың басты мақсаты – мемлекеттік аппаратты кәсібилендіріп, ашық әрі халыққа бағдарланған жүйеге айналдыру.
– Заңдағы негізгі бағыттардың бірі – сервистік модельге көшу. Мемлекеттік орган жұмысының басты өлшемі құжат айналымы емес, азаматтың мәселесін шешу болуы тиіс, – деп атап өтті Жандос Сәрсен.
Заңның жаңа редакциясында мемлекеттік қызметтің қағидаттары, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және этикалық мәдениетіне қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі бекітілген.
Енді мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне, цифрлық және құқықтық кедергілерді азайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады. Спикердің айтуынша, тұрғындардың өтініштері формалды себептермен кері қайтарылмауы тиіс.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілерден ашықтық, клиентке бағдарлану, қоғаммен тиімді диалог орнату және заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік күтіледі.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді толықтай цифрлық форматқа көшіру. Барлық конкурстар «E-қызмет» жүйесі арқылы өтеді. Агенттік өкілдерінің пікірінше, бұл рәсімдердің ашықтығын арттырып, адами фактордың ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар егер бос жұмыс орны үш айдан астам уақыт жабылмай қалса, жүйе автоматты түрде конкурс жариялайды. Мұндай тетік мемлекеттік органдардағы кадр тапшылығын жедел шешуге көмектеседі.
Жас мамандарды тарту мақсатында мемлекеттік қызметке даярлау институты енгізіледі. Болашақ кадрлармен жұмысты мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарында жалғастыру жоспарланып отыр.
Тағы бір жаңашылдық – көлденең мансаптық өсу тетігі. Енді мемлекеттік қызметшілер тек лауазымдық жоғарылау арқылы ғана емес, кәсіби дағдылары, құзыреттері мен жұмыс нәтижелері арқылы да дамуға мүмкіндік алады.