
Қарағанды облысында антикоррупциялық комплаенс мәселелеріне арналған форум өтті. Басқосуда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамдық бақылауды күшейту және ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыру жолдары кеңінен талқыланды.

Форумға мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін реформалау нәтижесінде алдын алу және антикоррупциялық мәдениетті қалыптастыру бағыттары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзыретіне берілді. Ал тергеу функцияларын бүгінде ҚР ҰҚК құрамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүзеге асырады. Қазіргі кезеңде басты назар жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, ішкі бақылау тетіктерін жетілдіруге және ашықтықты қамтамасыз етуге аударылып отыр.

— Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрес ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін бірнеше мәрте атап өтті. Ашықтық пен жариялылықты күшейту қоғам сенімін нығайтып қана қоймай, инвестициялық ахуалдың жақсаруына да ықпал етеді, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінде өңірде квазимемлекеттік секторға қарасты 200-ден астам ұйым жұмыс істейді. Олардың барлығында комплаенс қызметтері құрылып, заңнаманың сақталуы мен ішкі бақылауға жауапты комплаенс-офицерлер тағайындалған.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Жандос Сәрсен қоғамның сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарына белсенді араласуының маңызын ерекше атап өтті.
— Біз үшін қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің пікірін есту маңызды. Ашық диалог пен қоғамдық бақылау сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда айрықша рөл атқарады, — деді ол.
Форум барысында мемлекеттік сатып алу саласындағы қоғамдық бақылау, азаматтық қоғамның антикоррупциялық саясатты іске асыруға қатысуы, сондай-ақ жастармен және студенттермен жүргізілетін жұмыстар мәселелері де қозғалды.
Комплаенс жүйелерін енгізудегі тәжірибесімен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова бөлісті.

Ал облыстық қоғамдық кеңес комиссиясының төрағасы Рустам Танышпеков қоғамдық бақылаудың маңызына тоқталды.
— Превентивтік шаралар мен қоғамдық бақылау өз нәтижесін беріп келеді. Қазіргі таңда оң өзгерістер мен тиімді динамиканы байқап отырмыз, — деді ол.
Кездесу қорытындысында форум қатысушылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын одан әрі күшейту, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру және қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.