Астанада мемлекеттік қызметтер көрсету саласында Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің, Автомобиль жолдары комитетінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ ұлттық компанияның облыстық филиалдарының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында 2024 жылғы жұмыстың қорытындылары, 2025 жылға арналған жоспарлар және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру шаралары қаралды. Қатысушылар ішкі бақылау тексерістерінің нәтижелерін, өзекті мәселелерді және оларды шешу жолдарын талқылады.
Ерекше назар мемлекеттік қызметтерді уақытылы әрі сапалы көрсетуге бақылауды күшейту қажеттілігіне, «E-лицензиялау» порталы мен «Мониторинг» жүйесі сияқты жаңа цифрлық құралдарды енгізуге, сондай-ақ қызметкерлерге арналған тұрақты оқыту шараларын ұйымдастыруға аударылды. Сонымен қатар сыртқы жарнама объектілерін орналастыруды келісу және инженерлік коммуникацияларды жобалауға техникалық шарттар беру мәселелері қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша Автомобиль жолдары комитетіне, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға және оның филиалдарына нақты тапсырмалар берілді. Басты басымдықтар – өтінімдерді өңдеу жылдамдығын арттыру, құрылымдық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту және ақпараттық ашықтықты күшейту.