Елімізде жыл сайын ғалымдардың жол құрылысына арналған инновациялық әзірлемелерінің конкурсы өткізілетін болады

Елімізде жыл сайын ғалымдардың жол құрылысына арналған инновациялық әзірлемелерінің конкурсы өткізілетін болады

12 сәуір – ҚР Ғылым қызметкерлері күні. Кәсіби мерекеге және Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының 65 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан Республикасындағы жол құрылысы саласындағы үздік инновациялық даму» конкурсы ұйымдастырылды.

Бүгін елордасы Астана қаласында аталған байқаудың қорытындылары шығарылып, жеңімпаздар анықталды. Байқауға жас зерттеушілердің, отандық ғалымдар мен ғылыми ұжымдардың инновациялық 40 жобасы ұсынылып, қазылар алқасы үздік 9 жұмысты іріктеп алды. Финалға Қазақстанның күрделі климаттық және гидрогеологиялық жағдайларында экология, автомобиль қозғалысы қауіпсіздігі және жол құрылысы мәселелерін шешуге бағытталған идеялар мен әзірлемелер өтті.

Байқау республиканың ғылыми қоғамдастығын және жол-көлік саласын қолдауға бағытталған.

Конкурстық комиссияның құрамына профессор, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының, Халықаралық ғарыш ғылымдары академиясының және Ресей космонавтика академиясының академигі А.Қалыбай, Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының бірінші проректоры Г.Еспаева, Халықаралық көлік академиясының академигі А.Беков, Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті Б.Баймағамбетов, т.ғ.д. А.Жалаиров, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Ғылым және сапа басқармасының басшысы Ж.Игембаев және QazReagent ЖШС басқарушы директоры А.Мендецкий шақырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурсқа ұсынылған жұмыстар Қазақстанның жол-құрылыс саласында одан әрі іске асыру немесе сынақтан өткізу үшін мүмкіндік алмақ. Ал өз кезегінде жеңімпаздар жақсы материалдық сыйақы алады.

«Іріктеу туры барысында жол саласы үшін ең өзектісі таңдалды. Жол жабындарының беріктігі мәселесін шешу үшін инновациялық шешімдерді ұсынатын «жасыл» технологиялар мен идеяларға баса назар аударылды. Елімізде климаттық аймақтардың кең ауқымы бар. Мәселен, Қазақстанның батыс бөлігінде тас карьерлері жоқ. Бұл жолдарды жөндеу мен олардың құрылысын қиындатады. Сондықтан зерттеушілердің тың идеялары өте маңызды», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті А.Әлібаева.

Әділ қазылар алқасының шешімімен 1 орын т.ғ.д., профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ж.Әбішев атындағы химия-металлургия институты зертханасының меңгерушісі А.Ақбердинге және PhD докторы Р.Сұлтанғазиевке берілді. Олар жол құрылысы үшін ыдырайтын экологиялық қауіпті металлургиялық қождарды қиыршық тасқа өңдеудің әзірленген технологиясын ұсынды. Бұл әзірлеме Қазақстанның экологиясын жақсарту, сондай-ақ металлургия өндірістерінің зиянды қалдықтары артық болатын елдің батыс өңірлерінде жолдар салу үшін аса өзекті болып табылады.

2 орынды т.ғ.д., Қазақ автомобиль-жол институтының профессоры А.Қиялбаевтың «Республикалық маңызы бар автожолдарды қар басуын ескере отырып, Қазақстан аумағын аудандастыру картасын жетілдіру» жұмысы иеленді.

3 орында Д. Мулдашевтің «Серополимер және оның негізінде құрылыс-жол материалдарын өндіру» жобасы («Дала ЭКОС SP» ЖШС) тұрақтады.

Алқалы шараға саланың 70-тен астам мүдделі маманы, оның ішінде жол-құрылыс материалдарын жеткізуші және өндіруші компаниялардың, ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ҰК, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы, «КАЖ Сервис», ААК және Piarc Дүниежүзілік автожолшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Марапаттау рәсімінен кейін нетворк-сессия өтіп, оның барысында кәсіпкерлер, сала мамандары мен ғалымдар жобаларды талқылады.

Ғылыми қоғамдастық пен автожолдар комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Өтембаев Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының конкурсты жыл сайынғы негізде жалғастыру туралы бастамасын қолдады.

Айта кетерлігі, іс-шара QazReagent ЖШС және «СпецТрейдТМ» отандық компанияларының қолдауымен өтті.