Жол-құрылыс маусымы аяқталуына қарай «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ барлық күш-жігерін жолдарды қар мен мұздан тазарту жұмыстарына жұмсады. Жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін 142 мың текше метр құм және 25 мың тонна техникалық тұз дайындалды, 1 870 бірлік жол-пайдалану техникасы жұмылдырылды.
Айта кетерлігі, қайта құру нәтижесінде Қазақстанда 4 жолақты жолдардың үлесі өсіп келеді. Бұл өз кезегінде қысқы кезеңге арналған техника санын көбейтуді талап етеді.
Бұл міндетті орындау үшін «ҚАЖ» қосымша 379 жаңа машина сатып алды, оның ішінде 245-і өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы, 25-і жол ақысы есебінен және 109-ы амортизациялық аударымдар есебінен алынды.
«Алайда, осы уақытқа дейін 1,1 мың машинаға деген қажеттілік бар. Осыған байланысты өнеркәсіпті дамыту қорына жеңілдікпен кредит беру арқылы техникамен толықтыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады», - деді Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Ведомство басшысының ақпараты бойынша, жыл сайын еліміздің жолдарын күтіп ұстауға 60 млрд теңге көлемінде қаржыландыру талап етіледі.