Министр Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының жолдарында жүргізіліп жатқан жұмыс барысын тексерді

Министр Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының жолдарында жүргізіліп жатқан жұмыс барысын тексерді

Қазақстанда 2020 жылы автожолдардың 2600 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр. Мұндай міндетті Министрліктің алдына Үкімет басшысы қойған болатын. Бүгінгі таңда жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары еліміздің әр өңірінде қарқын алған. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 3 облыс аумағындағы  жолдардағы жұмыс барысымен танысып қайтты.  

Бірінші кезекте Министр «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолының Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы учаскелеріне барды. Жол Алакөл курорттық аймағы маңында жататындықтан, еліміздің туристік кластерін дамытуда үлкен маңызға ие. Биыл автожолда толықтай қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр. Жол 1-ші және 2-ші техникалық санаттарға сәйкестендірілмек.   

Өңірге келетін туристер санын арттыруға септігін тигізетін тағы да бір жоба – Қытай шекарасына дейін апаратын «Үшарал – Достық» тасжолын қайта жаңарту жобасы. Жұмыстар аяқталған соң туристер саны ғана емес, автокөліктерімен жүк тасымалының көлемі артады. Биыл жолдың 60 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Сондай-ақ, облыс үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын жобалардың бірі – «Қалбатау – Майқапшағай» жолын қайта жаңарту жобасы. Тасжолдың 415 шақырымында қозғалыс биыл  ашылады. Бұл елдімекендер арасындағы барыс-келісті арттырып, Қазақстанның шығысынан Қытайға қарай қосымша транзиттік дәліз ашады. Үшінші техникалық санаттағы жол екі жолағы бар екінші санаттағы жолға айналады.  

Алматы облысында Министр «Алтын Орда» базары маңындағы «Алматы – Бішкек» автожолының 16-19 шақырымдарын қайта жаңарту жұмысымен танысты. Мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқын алған. Қала маңындағы елдімекендерден Алматыға келетін көлік санының көптігіне байланысты жолдың өткізу қабілеттілігі төмен болатын. 2020 жылы бұл жолда қозғалыс ашылғаннан кейін мәселе толықтай шешімін таппақ.

Мұнымен қоса, министр Бейбіт Атамқұлов бастаған топ «Алматы – Бішкек» жолының 18+700 «Асыл Арман» тұрғын үй кешені учаскесіндегі жұмыстарды  тексерді. Бүгінгі таңда мұнда жол өтпесінің негізін жайластыру жұмыстары және Шамалған станциясының бұрма жолы арқылы өтетін «РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» (42 – 49 шақырымы) тасжолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір жол учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Эстакада І техникалық санатқа сай болады.

Министр сондай-ақ, қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатқан Жамбыл және Алматы облыстарындағы «Ұзынағаш – Отар» жолының учаскелеріне барып қайтты. Жыл соңына дейін жолдың 56 шақырымында қозғалыс ашылады деген жоспар бар. Сондай-ақ, министрлік басшысы «Қордай» өткізу бекетін қайта жаңарту жұмыстары барысымен танысты. Қазір екі елдің азаматтары «Қарасу», «Сортөбе», «Ауқатты» бекеттері арқылы шекарадан өткізілуде. Жаңартылған өткізу бекеті жыл соңында пайдалануға беріледі. Қайта жаңарту жұмыстары аяқталған соң «Қордай» бекеті тәулігіне 50 мың адамды өткізе алады.    

Өңірде «Меркі–Бурылбайтал», «Күрті–Бурылбайтал» және «Балқаш- Бурылбайтал» сияқты тағы бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.  Бүгінгі таңда нысандарда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жоба еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстырып, олардың транзиттік және туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. «Меркі – Бурылбайтал» жолының 262 шақырымында қозғалыс биыл ашылуы тиіс. «Күрті – Бурылбайтал» және «Балқаш–Бурылбайтал» жолдарында қайта жаңарту жұмыстары аяқталған соң Алматыдан Балқашқа дейін 4-5 сағаттың ішінде жетуге болады.  

Еске сала кетейік, биыл құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен республикалық маңызға ие автожолдардың 4 мың шақырымын қамтылып, оның 2600 шақырымында қозғалысты ашу жоспарланып отыр.

Анықтама:

«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолының 287-685 шақырымдарының аралығын қайта жаңарту жобасының бас мердігері – «CITIC Construction Co., LTD» компаниясы. Нысандағы жұмыстарға 1541 адам мен техниканың 860 бірлігі жұмылдырылған. Жыл басынан жолшылар 673 мың текше метр жер қазу жұмыстарын орындап, 166 су өткізу құбыры мен 23 көпірді салу жұмыстарын аяқтады. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолының екінші учаскесін (685-880 шақырымы) қайта жаңарту жұмыстарын «К-Дорстрой» компаниясы жүзеге асыруда. Жыл басынан 143 мың текше метр жер қазу жұмыстары орындалып, 44 су өткізу құбыры орнатылды. Нысандағы жұмыстарға 638 адам мен техниканың 320 бірлігі жұмылдырылды. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жолының (880-1073 шақырымдары) учаскесінде жобаның бас мердігері ретінде «Todini Central Asia» компаниясы қайта жаңарту жұмыстарын жүзеге асыруда. Нысандағы жұмыстарға 462 жол маманы, техниканың 277 бірлігі жұмылдырылды.

«Қалбатау – Майқапшағай» жолының 906-1090 шақырымдарының аралығындағы жұмыстарды «СП «КазГерСтрой» ЖШС атқаруда. Жыл басынан мұнда 159 мың текше метр жер қазу жұмыстары орындалып, жолдың 6 шақырымында қиыршық тасты жол жабындысы, 1 шақырымында асфальт жабындысының жоғарғы қабаты төселді. Нысандағы жұмыстарға 467 адам мен техниканың 314 бірлігі жұмылдырылды. «Қалбатау–Майқапшағай» автомобиль жолының 1090 – 1321 шақырымдары аралығындағы учаскесінде 768 адам мен техниканың 321 бірлігі жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда мұнда көпір құрылымдарын салу және асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бас мердігер – Қытайдың «Синьсин» компаниясы.

Алматы облысында «Алтын Орда» базары маңындағы «Алматы – Бішкек» автожолының 16-19 шақырымдарын қайта жаңарту жобасының мердігері - «Даулет-Дорстрой» ЖШС. Учаскеде карантин кезінде 117 адам мен техниканың 32 бірлігі жұмыс істеп жатыр.

«Үшарал – Достық» тасжолының 0-60 шақырымдары аралығын «Қыран» ЖШС қайта жаңартуда. Мұндағы жұмыстарға техниканың 96 бірлігі мен 165 маман жұмылдырылған. Екінші учаскедегі жұмыстарды «АБК Автодор НС» компаниясы атқарып жатыр. Бүгінгі таңда мұнда 35 адам жұмыс істеп, техниканың 22 бірлігі жұмылдырылған. Жұмыстар 2021 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.  

«Шамалған» станциясының бұрма жолы арқылы өтетін Алматы облысында «РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» (42 – 49 шақырымы) тасжолын қайта жаңарту жұмыстарын «Тодини»/ТОО «СМС» АҚ консорциумы атқаруда. Бүгінгі таңда жол учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстарға 52 адам мен техниканың 25 бірлігі жұмылдырылған.

«Ұзынағаш – Отар» жолының 63-101 және 143-159 шақырымдарындағы қайта жаңарту жұмыстарына 437 адам мен техниканың 215 бірлігі жұмылдырылған. Жобаның бас мердігерлері – «Казахдорстрой» және «АБК-Автодор НС» ЖШС.  

«Қордай» өткізу бекетін қайта жаңарту жобасын «Дорстрой» ЖШС іске асыруда. Мұндағы жұмыстарға техниканың 14 бірлігі мен 127 маман жұмылдырылған.

«Меркі–Бурылбайтал» автомобиль жолының 7-102 шақырымдарында Қытайдың  «Синьсин» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Нысандағы жұмыстарға 461 адам мен техниканың 230 бірлігі жұмылдырылған. Жолшылар 363 мың текше метр жер қазу жұмыстарын орындап, 52 су өткізу құбырын салу жұмыстарын аяқтаған. 4,3 шақырымда жолдың қиыршық тасты жабындысын, 2 шақырымда асфальт жабындысын жайластыру жұмыстары іске асырылды. «Меркі – Бурылбайтал» автомобиль жолының 102-273 шақырымдарын қайта жаңарту жұмыстарын «АБК - Автодор НС» ЖШС іске асыруда. Мұнда 478 мың текше метр жер қазу жұмыстары орындалып, 69 су өткіз құбыры салынды.

 «Күрті – Бурылбайтал» жолының 2152-2214 шақырымдарының аралығындағы учаскесінде жұмыстарды «Тодини&СМС» БК жүргізіп жатыр. Жоба аясындағы жұмыстарға 241 адам мен техниканың 138 бірлігі жұмылдырылған.

«Балқаш–Бурылбайтал» автожолының 2069-2105 және 2105-2152 шақырымдары аралығында материалдарды дайындау, жасанды құрылымдар мен көпірлерді құрылысқа дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жобалар аясында 480,55 мың текше мерт жер қазу жұмыстары орындалды. Жобаның бас мердігері – «SINOHYDRO CORPORATION LIMITED» ЖШАҚ ҚФ.