Батыс Қазақстан облысында автомобиль жолдары саласында 25-тен астам жоба жүзеге асырылады

Батыс Қазақстан облысында автомобиль жолдары саласында 25-тен астам жоба жүзеге асырылады

Батыс Қазақстан облысындағы жолдарда биыл қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Елді мекендерге кіретін 10 жол жаңартылады. 

 

Биыл «Самара – Шымкент» тасжолының кіру жолы мен Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл елді мекенін айналып өтетін жолдың 9 шақырымы қайта жаңартылады. Сондай-ақ, Бөрлі – Ақсай – Жымпиты автожолының 149-159, 139-149 шақырымдары күрделі жөндеуден өткізіліп, Ақжайық ауданының Жайық, Алғабас және Лбищенск елді мекендеріне кіретін жолдар жөнделеді.

Бұдан бөлек, «Федоровка – Ақсай» автожолындағы 6 су өткізу құбырын күрделі жөндеу, «Орал – Кирсанова» автомобиль жолындағы  Быковка, Ембулатовка және Рубежка өзені арқылы өтетін көпірлерді жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, «Тасқала – Аққурай – Болашақ – РФ шекарасы» автожолының 48-96 шақырымы, «Переметное – Цыганово» жолының 0-13 шақырымы, «Переметное – Вечный» жолының 0-24 шақырымы, «Жәнібек – Таловка – Кіші Өзен» жолының 2-27 шақырымы орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ. Бұдан бөлек, өңірде Тоғанас, Жаңабұлақ, Мерей, Фурманово, Ростошинское НҚП, Нововпавловка және Ұзынкөл елді мекендеріне кіретін жолдар жөнделеді. 

Мұнымен қоса, өңірде республикалық маңызы бар «Чапаево – Қазталовка – РФ шекарасы» автомобиль жолының 157-192 шақырымы, «Қазталовка – Жәнібек – РФ шекарасы» жолының 0-165 шақырымы, «Бисен – Өнеге – Сайхин» жолының 0-103 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіледі.

Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 6496 шақырымды құрайды. Олардың 1414 шақырымы – республикалық маңызға ие жолдар. Ол жолдардың 92% жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда. Ал облыстағы жергілікті жолдардың ұзындығы 5082 шақырым болса, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 31% тең.