Айта кетейік, ҮАААЖ-ын іске асыруды түрік-корей консорциумы жүзеге асырады. Жүрдек жол негізінен алты жолақты, ал кейбір жерлерде төрт жолақты болмақ. Сондықтан рұқсат етілген максималды жылдамдықта, яғни сағатына 110-140 шақырым жүрген жағдайда, 66 шақырым қашықтықты небәрі жарты сағатта еңсеруге әбден болады.
«Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы Орталық Азиядағы жол құрылысының ең ірі инфрақұрылымдық жобасы болып табылады. Аталған жобаны іске асыру жолдың транзиттік әлеуетін жоғарылатып, транзиттік маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мегаполис көшелеріндегі кептелісті азайтады және экологиялық жағдайды жақсартады», - деп атап өтті ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
Айта кету керек, ҮАААЖ Қаскелең маңындағы Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар жанындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады. Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елдімекен арқылы өтетін болады. Бұл автожол Батыс Қытай - Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буыны болуы керек.