ЖАО өкілдері семинар туралы: «Осындай іс-шараларда біз түйткілдердің шешу жолдарын табамыз»

ЖАО өкілдері семинар туралы: «Осындай іс-шараларда біз түйткілдердің шешу жолдарын табамыз»

               Елордада Автомобиль жолдары комитеті «ҚазжолҒЗИ» АҚ-мен бірлесіп, жол құрылысындағы заманауи технологиялар мен материалдарды қолдануға және олармен танысуға арналған ауқымды салалық жиын өтті. Айта кету керек, семинар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен, 2025 жылға дейін жолдардың сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр.

Семинар-тренингке барлық жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Олар іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Семинарда айтылған тың технологияларға баса назар аударды.

Мәселен, Жамбыл облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Бақытжан Жәнібеков жол төсемін нығайтудағы инновацияға қызығушылық танытты. Айтуынша, алдағы уақытта Тараз қаласында жаңа технологияны қолдану үшін тәжірибелік учаске салынатын болады.

«Ойға түйген көп нәрсеміз бар. Оны болашақта өзіміздің жергілікті жолдарымызға енгіземіз деген жоспар бар. Шыны керек, жол желісінің 90 %-ы өткен ғасырдың 70-80 жылдарында салынғанын айтып өтуім керек. Әлбетте жолдар қазіргі заманғы жүк көліктерінің ауырлығына төтеп бере алмай жатыр. Сондықтан да, аталған семинарға жергілікті маңызы бар жолдарға қызмет көрсететін компаниялардың жаңа тәсілдерін есту, көру үшін келдік, - дейді Бақытжан Жәнібеков.            

Анықталғаны, Жамбыл облысындағы жергілікті желі жолдарының ұзындығы 3,5 мың шақырымды құрайды. Соның 95%-ы бүгінде нормативтік жағдайда. Ведомство басшысы аталған көрсеткішті жақсарту үшін өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.  

«Ең маңызды жобаларға тоқталар болсам, «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» автожолы, Тараз қаласын Қаратау, Жаңатас моноқалаларымен қосатын бағыттағы жолдарға жөндеу жүргізілуде. Болашақта басты мақсатымыз Мойынқұммен шекаралас жатқан Сарысу ауданының жолдарын, Мойынқұм ауданының «Ұланбел-Бірлік-Мойынқұм» автожолын жөндеу көзделген», - деп атап өтті Бақытжан Жәнібеков.            

Ал Түркістан облысында жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 87%-ды құрайды. Өңірде орташа жөндеуге және қозғалыс қарқыны жоғары жолдарда реконструкцияға басымдық берілген. Атап айтқанда, «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы 70 шақырымдық учаске, Түркістаннан Кентауға баратын жол қайта жаңартылуда. Алайда, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Роллан Ибрагимов басты түйткіл – битум тапшылығы екенін алға тартады.

«Қазіргі таңда үлкен проблема битум тапшылығы. Өйткені, Казақбитум біздің оңтүстік өңірлерге, атап айтқанда, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облысына битум жеткізуі керек болатын. Алайда, Ресейдегі соғыс жағдайынан гудронның бағасы күрт өсіп кетті. Сондықтан қазіргі уақытта сметалық құжаттамада битумның 1 тоннасы 135 мың теңгені құрайды, бірақ нарықта 230 мың теңгеден бастап шарықтай береді. Сондықтан біз жаңа инновацияларға көшуіміз керек. Бұл үшін бүгінгі семинар тамаша мүмкіндік», - деп жеткізді Роллан Ибрагимов.