ҚР ИИДМ-де ірі қара малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайту мәселесі талқыланды

ҚР ИИДМ-де ірі қара малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайту мәселесі талқыланды

             ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың төрағалығымен ZOOM форматында жиын өтті. Онда қараусыз жайылған үй жануарларының қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының көбею себептерін анықтап, аталған түйткілді шешудің амалдары талқыға салынды. Шараға Автомобиль жолдары комитеті, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының өкілдері белсене қатысты.

 

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, биыл жол көлік оқиғаларының саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. Статистикаға сүйенсек, соңғы 8 ай ішінде республикалық маңызы бар жолдарда 1674 жол көлік оқиғасы орын алып, 693 адам қаза тапқан, ал 2787 адам жарақаттанған. Апаттардың орын алу себептеріне келсек, 36%  – көлік жылдамдығын шамадан тыс асыру, 10% –  жүргізушілердің қарама-қарсы бағытқа шығу, 9,4% – қашықтықты сақтамау, ал 1,5% –  көлік тізгінін мас күйде ұстау себебінен орын алған.

«Тәртіп сақшыларымыздан жол жиегінде тұратын жергілікті тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жиі өткізуді сұраймыз. Әсіресе, мал жаюға болмайтынын ескертіп, қадағаласа, игі болар еді», - дейді Амангелді Беков.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ бас инженері Талғат Смағұлов та автомобиль жолдарында ірі қара малдың қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының саны біршама артқанын жеткізді. Мәселен, ағымдағы жылы 20 қыркүйекте республикалық маңызы бар жолда 17 жол апаты орын алған.

«Жол-көлік оқиғаларының 9 – Жамбыл облысында, 8 – Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркелген. Салдарынан 29 адам қаза тауып, 97-сі жарақат алды. Бұдан бөлек, 57 үй жануары зардап шеккен», - дегенді алға тартты Талғат Смағұлов.  

Ал мұндай оқыс жағдайларды болдырмау үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында арнайы алдын алу шаралары қолға алынған. Мәселен, жол жиектерінде 319 малөткелі орнатылып, 1 мыңнан астам шақырымға торлы қоршау қойылды.

Малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мен күтіп-ұстау барысында да атқарылуда. Мәселен, биыл Маңғыстау облысының 105 шақырымына, «Жетібай – Жаңаөзен» учаскесінің 65 шақырымына және «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Ақтау» автожолының 40 шақырымына торлы қоршау орнатылды.

Семинар қорытындысы бойынша, республикалық жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін атқарушы органдарға ұсыныстар берілді.

Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы реконструкциялау учаскелерінде патрульдеуді күшейту бастамасын көтерді. Ал «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ өкілдеріне республикалық маңыздағы тасжолдарға торлы қоршауларды орнатып қана қоймай, қосымша электр бақташыларын қоюды тапсырды.

««Сергек» және «Автоураган» бейнекамераларын орнату өте маңызды. Бұдан бөлек, жолдың қозғалыс бөлігінде үй малы табылған жағдайда мал иелесіне айыппұл санкцияларын қатаңдату қажет деп санаймын. Айыппұлды 50 АЕК-ке дейін ұлғайту қажет. Сондай-ақ, үй жануарларының қатысуымен болған жол көлік оқиғасы орын алған кезде қылмыстық жауапкершілікті қарастыру қажет», - дегенді алға тартты Амангелді Беков.

Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ мен ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті өкілдерімен бірлесіп, үй жануарларына чип, бирка тағып, аэрозоль бояуын себу мәселесін қолға алмақ. Осылайша жарық шағылыстырғыш таспаларды орнату арқылы жүргізушілерге тәуліктің түнгі уақытында жануарлардың жүріп келе жатқаны ескертілмек.

         Айта кету керек, ZOOM-конференциялар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен іске қосылған «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында өткізілуде. Әр апта сайын ұйымдастырылатын кездесуде Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері ең өзекті деген түйткілдерді талқылап, оларды шешудің амалдарын ойластыруда.