Шетелдік компаниялар қандай тың әдістерді ұсынуда?

Шетелдік компаниялар қандай тың әдістерді ұсынуда?

            ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен Автомобиль жолдары комитеті «ҚазжолҒЗИ» АҚ-мен бірлесе ұйымдастырылған семинарға шетелдік компания өкілдері көптеп қатысты. Олар өздерінің тың технологияларын таныстырып, тәжірибесімен бөлісті.

Семинарда 10 баяндамашы сөз сөйлеп, автожол саласына қажетті ең заманауи шешімдерді айтып берді. Олардың қатарында жақын шетелден келген мамандар да болды. Жер төсемін салудан бастап, автомобиль жолдарын абаттандыруға дейінгі жобалау, салу, жөндеу кезінде қолданылатын жаңа технологияларды ұсынды.

Мәселен, Екатеринбург қаласынан келген инженерлік компания өкілі Евгений Васильев жол жамылғысының негіздеріне арналған материалдарды таныстырды. Айтуынша, жолдар да үйлер сияқты берік іргетассыз ұзақ уақыт қызмет ете алмайды.  

«Біз геотекстиль, геомата, геоспан сияқты күшейтетін материалдар шығарамыз, олар жоғары беріктігі бар полипропилен төсем болып табылады. Жолдың негізін күшейтіп, берік қылады. Яғни, тұрақтылық модулі мен жол құрылымының ығысуға деген төзімділігін арттырады. Осылайша, жөндеуаралық мерзім де ұзарады», - дейді Евгений Васильев.

Ал РОСНАНО мемлекеттік даму институтының еншілес компаниясының өкілі Геннадий Герасимов асфальтбетон модификаторын ұсынды. Ол белсенді резеңке ұнтағына негізделген композициялық материалды көрсетті.

«Ығысу өрісінде ол кішкентай түйіршіктен түсті қырыққабат сияқты үлкейіп, аумағын кеңейтеді. Бұдан соң біз асфальтбетон қоспасында тікелей жұмыс істейтін полимерлерді қосамыз. Өте технологиялық өнім. Ол түйіршіктерде шығарылады, BigBag-да жеткізіледі және полимерлі битум байланыстырғышын лайықты алмастырады», - дейді Геннадий Герасимов.

Анықталғаны, Ресейде жыл сайын шамамен 1 миллион тонна қоқыс шиналары қосылады. Аталған көлемнің тек 15-20 пайызы ғана қайта өңделеді екен. 

«Қаншама шиналар кәдімгі қоқыс полигонына тасталып жатыр. Ал бұл қалдықтар қауіптіліктің төртінші класына жатады. Біз оларды утилизацияламаймыз, тек дайын ұнтақты шикізат ретінде алып, заманауи жол өніміне айналдыру үшін модификациялаймыз. Дегенмен, экологияны жақсартуға өз үлесімізді қосып жатырмыз деп айта аламын. Себебі, біздің асфальтбетон модификаторын қолдану кезінде автомобиль жолдарының 1 шақырымына бұрын қолданыста болған 800-ге жуық шина қажет", - дейді ол.

Ал Нижний Тагил қаласынан келген Евгений Дмитриев жылдың суық мезгілінде төсеуге болатын, асфальтбетонға арналған жылы инновациялық қоспа туралы айтып берді. Қоспаның артықшылығы жол-құрылыс жұмыстарының маусымы аяқталғанына қарамастан пайдалануға болатынында екен. Мәселен, асфальтбетон төсеп үлгермеген, бірақ жобаны тапсыру қажет болған жағдайда пайдалануға болады.

«Жолшылар жол сапасын құртпай-ақ,  пайдалануға керек қасиеттерді жоғалтпай, суық жағдайда асфальтбетонды сапалы төсей алады. Қоспа жол-құрылыс жұмыстарының маусымын ұзарту қажет болған жағдайда өте тиімді. Ол Қазақстанның климатына сай келеді. Себебі, тез ысып, тез суитын күрт құбылмалы ауа-райында күн жылы болып тұрып, сынап бағанасы кенеттен нөлдік температураны көрсетуі мүмкін. Сондай жағдайда көп көмектеседі. Негізі оны қолдану бойынша тәжірибе бар. Айталық, Қазақстанның батысында, Ақтау қаласында жол учаскесі дәл осы қоспаны пайдаланып салынды», - деп жеткізді Евгений Дмитриев.