Автомобиль жолдары комитетінде азаматтарды қабылдау өтті

Автомобиль жолдары комитетінде азаматтарды қабылдау өтті

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінде азаматтарды қабылдау өтті. Комитет төрағасы Төлеген Абдуллинге сұрақтармен Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларының тұрғындары жүгінді.

Азаматтарды қабылдауға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жұқабетов, ҚР ИИДМ Өнеркәсіптік саясат департаменті индустриялық дамуды үйлестіру басқармасының басшысы Ербол Сәрсенбай, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жол құрылысы және жөндеу бөлімінің басшысы Ерғанат Бексұлтанов қатысты.

Кездесу барысында өтініштер бірлесіп қаралып, қолданыстағы заңнама аясында әрқайсысына түсініктеме берілді. Сонымен қатар, азаматтардың мәселелерін шешуде көмек көрсету мақсатында ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин жауапты қызметкерлерге бірқатар тапсырма берді.

Айта кету керек, бүгін айтылған өтініштердің ішінен Валентин Цойдың идеясы ерекше болды. Ол Атырау облысы Жылой ауданының аумағында Мұнайлы Мола кен орнының битуминозды жыныстарын пайдалану жөніндегі жобаның инвестициялық бағдарламасын ұсынды. Жоба туралы егжей-тегжейлі айтып берген Валентин Цой оны жақын арада іске қосуға көмектесуді сұрады. Айтуынша, бір жылға созылып, шешілмей келген мәселе Автомобиль жолдары комитетіндегі алғашқы қабылдау кезінде шешін тапты.    

"Біріншіден, менің сұрағымды ауқымды, кең көлемде қарастырады деп күтпеген едім. Екіншіден, кәсіби көзқарас қуантады. Яғни, олар қандай идея, қандай жұмыс, қандай жоба екенін бірден түсінді. Барынша көмек көрсетілетінін айтты. Бір сөзбен айтқанда керемет", - деп жеткізді Валентин Васильевич.

Сондай-ақ, мәселені шешуге көмектескені үшін қоғам белсендісі Руслан Цой да ерекше алғыс білдірді. «Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Тұрсынұлы мен қойған барлық сұрақтарға жауап берді. Ашық диалог үшін алғыс білдіремін. Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, игі болар еді", - деп сөзін түйіндеді Руслан Витальевич.