2022 жылы Түркістан облысында жергілікті желісінде 68 автожол жобасы іске асырылады

2022 жылы Түркістан облысында жергілікті желісінде 68 автожол жобасы іске асырылады

Облыстық маңызы бар 760 км және аудандық маңызы бар 109 км жолдарға жөндеу және реконструкциялау жүргізіледі. Жұмыстар 68 нысанда, оның ішінде төрт көпірде жүргізіледі

Басымдықта – облыс орталығын және өңірдің ірі елді мекендерін "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автомобиль дәлізімен жалғайтын туристік бағыттағы жолдар.

Атап айтқанда, Түркістан-Шәуілдір жолының 35 шақырымы мен Кентау жағынан Түркістан қаласына кіре беріс жолдың 24 шақырымы қайта жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, Шорнақ, Майдантал, Жүйнек және Қарнақ елді мекендерін облыс орталығымен жалғайтын 100 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылы Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристік нысандарға баратын 18 шқ жол толық жөнделіп, пайдалануға берілетін болады.

Түлкібас ауданында Келтемашат, Даубаба, Састөбе, Шұқырбұлақ және Майтөбе бағытындағы 69 шқ жолда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазығұрт ауданында Тұрбат және Қақпақ ауылдық округтерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізімен жалғайтын 39 шқ жол орташа жөндеуден өтуде.

Бұдан басқа, Ордабасы ауданындағы  Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар және Теспе елді мекендерін "БЕ-БҚ" көлік дәлізімен байланыстыратын 53 шқ жолдың асфальт жабыны жаңартылуда. Барлық жұмыстар бекітілген жұмыс-өндірістік кестесіне сәйкес жүргізілуде.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның  тұрақты бақылауында.

Көрсетілген жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың  үлесі 87-ден 92% - ға дейін өседі.

Анықтама: Түркістан облысындағы елді мекендердің автожолдары мен көшелерінің жалпы ұзындығы 17,5 мың км құрайды, оның ішінде 723 км – республикалық желі, 5783 км – жергілікті желі және 11 мыңға жуық км – елді мекендердің көшелері.