ҚР ИИДМ мен РФ Көлік министрлігі автожол инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды

ҚР ИИДМ мен РФ Көлік министрлігі автожол инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында Мәскеу қаласына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен РФ Көлік министрлігі арасында "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізі мен "Меридиан" автомобиль жолының автожол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Сапарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қатысты.

Айта кету керек, бүгінде халықаралық транзиттік дәліздер желісіне кіретін автомобиль жолдарын дамыту қарқын алған. Қазақстан мен Ресей үкімет басшылары деңгейіндегі соңғы кездесулер барысында Қызылорда қаласынан Ақтөбе және Мәртөк қалалары арқылы Ресей шекарасына дейінгі учаскені I техникалық санатқа ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, ресейлік тараптың бастамасы бойынша "Меридиан" автомобиль жолының бірлескен жобасын іске асыру көзделген. Аталған жобаны жүзеге асыру Еуразияның екі бөлігін, Еуропа мен Қытайды жалғайтын автомагистраль құрылысын аяқтайды. Қазақстан аумағы бойынша бағыт "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізінен Ақтөбе, Орал қалалары арқылы Ресей Федерациясына шығатын "Самара-Шымкент" автомобиль жолымен және одан әрі Беларусь Республикасының аумағы арқылы өтетін болады.

Бұдан бөлек, кездесулердің қорытындысы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі жол картасы қабылданды.