ҚР ИИДМ басшысы ведомствоның қызметі туралы Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

ҚР ИИДМ басшысы ведомствоның қызметі туралы Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

Қоғамдық кеңестің бейнеконференция форматында бүгін өткен отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ведомствоның 2021 жылғы 9 айдағы қызметі туралы есебін ұсынып, жұмыс жоспарымен таныстырды. Есепті тыңдауға Қоғамдық кеңес мүшелері - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, кәсіби және үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты.
Өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторларында өндіріс көлемі өсіп, жиынтық көрсеткіші 105,7% құрады.

Машина жасау саласы 22,8%, фармацевтика өнеркәсібі 38,1%, құрылыс материалдары өндірісі 10,1%, жеңіл өнеркәсіп 3,8%, химия өнеркәсібі 3,5% артты. Өңдеу өнеркәсібінің басқа салалары бойынша да оң динамика байқалады.

Іске асырылып жатқан индустриялық саясаттың арқасында өңдеуші өнеркәсіптің берік негізі қаланды. Бұл пандемия жағдайында сала өсімін сақтауға мүмкіндік берді.
Министр Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысына ерекше тоқталды.

Атап айтқанда, "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң жобасы әзірленіп, орта және жоғары қайта бөліністегі тауарларды шығаратын кәсіпорындарды қолдау, бизнестің қарсы міндеттемелерін енгізу, кәсіпорындарды цифрлық трансформацияға және Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге ынталандыру, отандық тауарларды ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету және өнеркәсіптің жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы қалыптастыру шаралары көзделген.

АЭА жұмыс істеуінің жаңа моделі әзірленді. Бүгінгі таңда 13 АЭА аумағында 1,6 трлн теңге сомасына 307 жоба іске асырылды. 21 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Олардың жүктемесі 38% құрайды. Өнім өндіру көлемі 3,9 трлн. теңге, оның ішінде экспорт 298,7 млрд. теңге. 2021 жылы жоспарланған өндіріс көлемі 1,5 трлн. теңге.

Транзиттік әлеуетті арттыру үшін келесі жылы Түркістан-Шымкент-Ташкент учаскесінде Достық – Мойынты теміржол желісі, Дарбаза – Мақтарал және жылдамдығы жоғары теміржол желісі құрылысының жобаларын іске асыру жоспарлануда.

Көлік саласында пандемияға қарамастан, транзиттің жалпы көлемі биылғы 9 айдың қорытындысында 17,5 млн.тоннаны құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес көрсеткішінен 2,4% жоғары.

Азаматтық авиация пандемияға байланысты ең көп зардап шеккен салалардың бірі болды. Бұл ретте биыл саланың негізгі статистикалық көрсеткіштері өсті. 2021 жылдың 9 айында болжамды деректер бойынша тасымалданған жолаушылар саны 81% артып, 6,9 млн. адамды құрады. Сондай-ақ, әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 70% артып, 12,6 млн.адамды құрады. Қазір аптасына 756 рейспен 57 бағытта ішкі әуе қатынасы толық қалпына келтірілді.

Биыл автожол саласын дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың шақырым қамтылды. Оның ішінде республикалық желі бойынша 5 мың шақырым, жергілікті жолдар мен көшелерде 3,4 мың шақырым.

Жыл қорытындысында республикалық жолдардың 2,2 мың шақырымында негізгі жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.

Құрылыс саласында биыл Қазақстанда 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Өткен 9 айда жалпы ауданы 10,3 млн шаршы метр болатын 89 мың баспана пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда - 108%.

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар 989 млрд. теңге жетті. Бұл өткен жылғыдан 26,6% жоғары.

ҚР ИИДМ Қоғамдық кеңесі - Министрлік саясатын қалыптастырудың толық құқықты қатысушысы. 3 жыл ішінде Кеңес мүшелері 1200-ге жуық заң және нормативтік-құқықтық актілердің жобалары бойынша өз ұсыныстарын берді.

Кеңес азаматтық қоғамның пікірін білдірудің сындарлы алаңына айналды және ҚР ИИДМ ұжымына тұрғындар мен бизнестің мүдделерін дәлірек бағалауға көмектеседі.