«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолының реконструкциясы 64%-ға орындалды

«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолының реконструкциясы 64%-ға орындалды

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин Шығыс Қазақстан облысында автожол жобаларының іске асырылу барысын тексерді.

Атап айтқанда, Комитет басшысы «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының 615-1073 шақырымындағы реконструкциялау учаскесінде болды. Онда жұмыстардың 64%-ы орындалған.

Биыл «CITIC Construction Co., LTD», «К-Дорстрой» АҚ және «Todini Central Asia» ЖШС компаниялары 445 шақырымды аяқтауды көздеп отыр. Бүгінде жолдың 287 шақырымында қозғалыс ашылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін учаскелерде 850 адам және арнайы техниканың 664 бірлігі жұмылдырылған. 10 асфальтобетон зауыты мен 14 ұсақтау-сұрыптау қондырғысы жұмыс істеуде. Жоба аясында 26 көпір мен 390 су өткізу құбыры салынбақ.

Жұмыс сапарының барысында, сондай-ақ, «Қалбатау-Майқапшағай» автомобиль жолының 906-1321 шақырымындағы реконструкциялау учаскесіндегі жұмыс барысы да қаралды.

Жұмыстарды «КазГерСтрой» және «Синьсин» компаниялары орындауда. 1093 адам мен жол-құрылыс техникасының 568 бірлігі тартылған. Жоба аяқталғанда жол екі жолақты қозғалысы бар 2 техникалық санатты болмақ.

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы мердігер ұйымдармен жиналыстар ұйымдастырып, қойылған міндеттерді уақтылы орындап, учаскелердегі қозғалыстарды ашу бойынша бірқатар тапсырма берді. Бұдан бөлек, Төлеген Абдуллин айналма жолдарды күтіп ұстауға басты назар аударуды жүктеді.