«Қандыағаш-Мақат» тас жолындағы жол жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған

«Қандыағаш-Мақат» тас жолындағы жол жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған

Ағымдағы жылдың екінші жартысында жолшылар Ақтөбе мен Атырау облыстарын байланыстыратын республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Мақат» автомобиль жолын реконструкциялауды аяқтауды жоспарлап отыр. 

Аталған жол өткен ғасырдың 60-жылдарында салынған болатын. 50 жылдан астам уақыт бойы мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген. Сондықтан соңғы уақытта автокөлік жүргізушілері тас жол бойындағы ауыл арасындағы жолдармен жүруге мәжбүр болды.

Реконструкция жобасы жалпы ұзындығы 304 шақырым болатын жеті учаскені, сондай-ақ теміржол арқылы 11 көпір мен екі жол өтпесін салуды қамтиды.

Реконструкция жұмыстары басталғанға дейін Қандыағаштан Мақат ауылына дейінгі жол уақыты кем дегенде 11-12 сағатты, ал Атырау қаласына дейін 14 сағатты құрағанын айта кету керек. Жұмыстар аяқталғаннан кейін Қандыағаштан Мақатқа дейінгі жүру уақыты шамамен 4 сағатты, ал Атырауға дейін 6 сағатты құрайтын болады.

Бас мердігерлер: «Тодини», «Шанхай Констракшн», «Аккорд» БК / «Ақ жол құрылыс» және «Ант Иншаат».

Биыл ұйымдарға 1 353 мың тонна асфальтбетон төсеу қажет. Бүгінге дейін соның 1008 мың тонна төселді.

Жобаны іске асыруға шамамен 1000 адам мен техниканың 680-нен астам бірлігі жұмылдырылған.

Бұдан бөлек, жоба аясында Атырау облысы Мақат ауданының Доссор ауылына айналма жол салынуда.

Бұл Доссор тұрғындары үшін қауіпсіз жағдай жасайды.

Жалпы, жобаны іске асыру көлікке қол жетімділікті арттырады, сондай-ақ, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту және демалыс орындарын ұйымдастыру арқылы жергілікті халықтың кәсіпкерлік қызметіне оң әсер етеді.