Жыл басынан бері жолдарға ақылы жүйені енгізу бойынша 30-дан астам қоғамдық тыңдау өткізілді

Жыл басынан бері жолдарға ақылы жүйені енгізу бойынша 30-дан астам қоғамдық тыңдау өткізілді

Қазақстан өңірлерінде республикалық маңызы бар жолдарға ақылы жүйе енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу жалғасуда. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және қоғам белсенділері бірлесіп, аталған мәселені жіті талқылауда.

2021 жылдың қаңтарынан бастап Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау мен Түркістан облыстарында автомобиль жолдарының 7 учаскесі бойынша 35 елдімекенде қоғамдық тыңдау өткізілген. Ұлттық оператор өкілдері жүйені енгізу кезеңдері, жеңілдіктер, тарифтер, сондай-ақ төлемнің артықшылықтары туралы халықты хабардар етті.

Ақылы автомобиль жолдары желісін кеңейтудің ұзақ мерзімді әлемдік тәжірибесі Қазақстанда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазіргі таңда елімізде 4 ақылы учаске жұмыс істеуде:  «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас». Биыл ақылы жолдар жүйесін 5,8 мың шақырым жолға енгізу көзделген.

Жалпы, 2020-2025 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 мың шақырым автомобиль жолын ақылы ету жоспарлануда.  

Қоғамдық тыңдаулар Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі деп көзделіп отыр.