Биыл Ақтөбе облысында республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеуден өткізу бойынша бірқатар жобаны іске асыру көзделген. Жолшылар барлығы 11 жобаны қамтымақ.
Олардың қатарында «Ақтөбе-Қандыағаш» автожолының 89 шақырымы, сондай-ақ, «Қандыағаш-Мақат» тас жолының 204 шақырымдық учаскесі бар. Бұдан бөлек, «Ақтөбе-Орск» жолындағы «Әлімбет» өткізу пунктін жарақтандыру бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған.
Өңірде жергілікті жолдар желісін дамытуға баса көңіл бөлінуде. Мәселен, «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолының» 21,5-35,3 км мен «Ақтөбе-Орск» автожолының 8-16 км учаскелерін реконструкциялау көзделіп отыр. Күрделі жөндеу облыстық маңызы бар «Қобда-Мартық» автожолының 30 шақырымына жүргізілмек. Ал орташа жөндеумен «Ойыл-Қараой», «Ақтөбе-Родниковка-Мартық», «Вознесеновка-Жаңажол-Мартық-Полтавка», «Табантал ауылына барар жол», «Көптоғай ауылына барар жол» жолдарының учаскелері қамтылады.
Айта кетейік, өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдар желісі 61 %, ал республикалық маңызы бар жолдар желісі 78%-ды құрайды. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 6 921 шақырым.