

Бүгін Корея Республикасының Индустрия, сауда және энергетика министрінің орынбасары Ё. Ким және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және дамувице-министрі Е.Хаиров ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Корея Республикасы Ұлттық күнінің ашылуына қатысты.
Ё. Ким мырза көрмені ұйымдастырудың жоғары деңгейде өткізіліп жатқанын, «Болашақ энергиясы» тақырыбының бүкіл әлем үшін өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Корея Республикасының павильоны адамдардың ең көп тамашалайтын орындардың бірі екенін айтты (бүгінге дейін 160 мыңнан астам адам тамашалаған).
«Қазақстан мен Кореяның экономикасы бірін бірі толықтырып келеді. Қазақстандық шикізаттың елеулі қоры кореялық озық технологиялармен бірге ынтымақтастықтың негізін қалап отыр. Қазақстанда жүз мыңнан астам этникалық кәрістер тұрады, бұл екі елдің жақындығын және бауырластығын қамтамасыз етеді» - деді Е.Хаиров өз сөзінде.
Сондай-ақ, Корея павильонындағы «Болашақ энергия – ақылды өмір» атты тұжырымдамада көрсетілгендей, Корея Республикасы энергия тиімділігі бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі екені атап өтілді.
«Болашақ энергиясы» жақын арада бүкіл әлем үшін қызмет етуін тілеймін», - деп Ерлан Хаиров сөзін қорытындылады.
Корея Республикасының Ұлттық күні шеңберінде Е. Хаиров және Ё.Ким мырза арасында келіссөздер өткізіліп, тараптар Қазақстан-Корея сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті 8-ші отырысын ұйымдастыру және өткізу мәселелерін талқылады.
