Автожол саласындағы 2020 жылдың қорытындылары

Автожол саласындағы 2020 жылдың қорытындылары

Еліміздің автожол саласында 2020 жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың 9,8 мың шақырымы қамтылды. 

Мәселен, құрылыс және жаңарту жұмыстары 4 мың шақырым жолда жүргізілді. Атап айтсақ, «Қарағанды-Балқаш-Бұрылбайтал-Құрты», «Ақтөбе-Атырау-Астрахань», «Талдықорған-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Көкшетау-Петропавл-Корған», «Ұзынағаш-Отар», «Мерке-Бұрылбайтал», «Қостанай-Денисовка» және «Үшарал-Достық» жобалары.

Ал жөндеу жұмыстары 1,8 мың шақырым республикалық желіні қамтыды: күрделі жөндеу – 433 км, орташа жөндеу – 1 385 км. Жыл соңында 2,6 мың шақырым автожолда қозғалыс ашылып,  республикалық маңызы бар 1,1 мың шақырым тасжолда жөндеу жұмыстары аяқталды. Облыстық және аудандық маңызды жолдардың 4 мың шақырымы қамтылғанын да айтып өту қажет. Жұмыстар 2,7 мың шақырымында аяқталды. 

Бұдан бөлек, 2020 жылы  автомобиль жолдарын өзін-өзі күтіп-ұстауға көшіру мақсатында 5,8 мың шақырым жолға ақы алу жүйесін орнату аяқталды. Сондай-ақ, елдің бірқатар өңірінде қоғамдық тыңдаулар өткізілді.     

Жыл қорытындысы бойынша автожолдардың ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін жол бойындағы сервис нысандарымен  қамтамасыз етілуі 58%-ға жеткізілді.

Атап өту керек, автожол жобаларын жүзеге асыру барысында 200 мың адам жұмылдырылды.