Төраға орынбасары Анар Габдуллина ЕАДБ форумында Қазақстанның көлік әлеуетін таныстырды

Төраға орынбасары Анар Габдуллина ЕАДБ форумында Қазақстанның көлік әлеуетін таныстырды

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Габдуллина Еуразиялық даму банкінің жыл сайынғы жиналысы мен Бизнес-форумына қатысты. Бұл іс-шара экономикалық және инфрақұрылымдық ынтымақтастық мәселелері талқыланатын маңызды халықаралық алаңдардың бірі саналады.

Форум аясында Анар Габдуллина Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған «Тұтас Еуразия: құрлықтар тоғысындағы логистикалық хаб» атты панельдік сессияда сөз сөйледі.

Өз баяндамасында Анар Габдуллина қатысушыларға ҚР Көлік министрлігінің заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жаңа бастамаларын таныстырды. Атап айтқанда, автожол саласын цифрландыруға, үдерістердің ашықтығын арттыруға және жол желісін басқару тиімділігін күшейтуге бағытталған E-zholdary жобасына ерекше тоқталды.

Сондай-ақ халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту мәселесіне баса назар аударылды. Бұл жолдар транзиттік тасымалдарды қамтамасыз етуде және өңірдің көлік байланысын нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда Қазақстан негізгі көлік бағыттарындағы «тар орындарды» жою, автомобиль өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттыру және жол бойы сервистерінің сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.

Шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да ерекше аталып өтті. Бүгінде Көлік министрлігі Қазақстанның ЕАЭО елдерімен шекарасындағы 37 өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл жобалар өткізу қабілетін едәуір арттырып, шекарадан өту уақытын қысқартуға, сондай-ақ тасымалдаушылар мен азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жалпы, панельдік сессия барысында қатысушылар заманауи автожолдар желісін дамыту Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру елдің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын жақсартып, бизнестің логистикалық шығындарын азайтуға және Қазақстанның Еуразиядағы жетекші көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.