
Астанада Дүниежүзілік жол қауымдастығының PIARC техникалық комитеттері сарапшыларына арналған оқыту семинары өтті. Іс-шара мемлекеттік органдардың, ұлттық жол ұйымдарының және халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірді.
Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин қатысты. Ол өз құттықтау сөзінде PIARC Бас хатшысы Мигель Касо Флореске Қазақстанда семинар өткізу бастамасын қолдап, елге келіп қатысқаны үшін алғыс білдірді және халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті.
Ол әлемдік жол саласы бүгінде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, инфрақұрылымды цифрландыру және климаттық өзгерістер жағдайында көлік жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын айтты.
Іс-шараға Комитеттің өкілдері, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының өкілдері, сондай-ақ PIARC техникалық комитеттерінің қазақстандық және шетелдік сарапшылары қатысты.
Семинар барысында жол саласын дамыту, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу, ғылыми-техникалық сүйемелдеу, кадр даярлау және 2027 жылы өтетін PIARC Халықаралық қысқы конгресін өткізу мәселелері талқыланды.