Еліміздің сегіз өңірінде жолдар халықаралық IRAP жүйесі бойынша бағалануда

Еліміздің сегіз өңірінде жолдар халықаралық IRAP жүйесі бойынша бағалануда

Қазақстанда жол қауіпсіздігін бағалаудың International Road Assessment Programme халықаралық жүйесін енгізу жұмысы қарқын алған. Аталған жоба биылғы жылдың қаңтарынан бастап Дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асуда. Оны ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті, «SweRoad» компаниясы және «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» бірлесіп жүзеге асырып жатыр.   

Бүгінге дейін «Қазжол ҒЗИ» АҚ мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК мамандары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары және Алматы қаласының жолдары мен белгілерін арнайы құрылғыға түсіріп, бағасын берген.    

Жоба аясында 25 ұлттық сарапшы оқытудан өтіп жатыр. Олар жолдарды дербес бағалауда. Автомобиль жолдарының қауіпсіздігіне толық әрі нақты баға беру үшін жол жүйесі әр 100 метр сайын 50 параметр бойынша кодталуда. Жолшылар осылайша 5700 шақырым жолды зерттеп үлгерген. Атап айтсақ, бұл – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі, сондай-ақ «Нұр-Сұлтан – Петропавл», «Нұр-Сұлтан – Атбасар», «Қостанай – Қарабұтақ», «Шымкент – Сараығаш», «Алматы – Талдықорған» автожолдары. Жалпы барлығы 6200 шақырым жолды бағалау жоспарланыпты.  

Кодтау үрдісі аяқталғаннан кейін, жолдың әр участкесіне IRAP стандарттары мен нұсқауларына сәйкес бес баллдық жұлдызшалар рейтингі берілетін болады. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік көрсеткіштерін жақсартып, жол-көлік оқиғаларын азайтуға септігін тигізеді.  

Жоба жол жүру қауіпсіздігін жақсарту бойынша инвестициялық жоспарды және IRAP озық білімдерінің ұлттық платформасын құруға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, аталған жүйені ұлттық заңнамаға енгізу бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар әзірлеу көзделген.

Жолдарды бағалаудың халықаралық жүйесі Орталық Азия елдері мен ТМД алғаш рет Қазақстанда енгізіліп жатқанын айтып өткен жөн. Аталған бағдарлама бойынша бағалау бүгінге дейін 100-ден астам мемлекетте жүзеге асқан екен.