Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина 2025 жылдың 8-9 қазаны аралығында Алматы қаласында өтіп жатқан «Жол құрылысы мен оны күтіп-ұстаудың тұрақты және көміртексіз даму стратегиялары, материалдары мен технологиялары» (Strategies, Materials and Technologies for Sustainable and Decarbonized Road Construction and Road Maintenance) атаулы халықаралық конференцияға қатысып жатыр.
Конференцияның мақсаты – автомобиль жолдарын жобалау, салу және күтіп-ұстаудағы инновациялық технологиялар мен заманауи шешімдерді талқылау, халықаралық тәжірибе алмасу, сондай-ақ жол инфрақұрылымының көміртекті азайтудың тиімді әдістерін айқындау.
Іс-шара бағдарламасында пленарлық отырыстар, секциялық мәжілістер, панельдік талқылаулар және беделді халықаралық сарапшылардың баяндамалары қамтылған. Негізгі басымдық мемлекеттік саясат, қаржыландыру тетіктері және жол саласына инновациялық технологияларды енгізу мәселелеріне берілген.
Құттықтау сөзінде Анар Ғабдуллина Қазақстанның жол саласын дамытуда тұрақты даму ұстанымдары мен экологиялық таза, яғни «жасыл» технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Бүгінде біз үшін жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін ғана емес, олардың экологиялық талаптарға сай болуын да қамтамасыз ету маңызды. Көміртекті азайту, энергия үнемдейтін материалдар мен инновациялық технологияларды қолдану – біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі», – деді ол.
Іс-шара Еуропа мен Азия елдерінің жетекші сарапшыларын, халықаралық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. Бұл тұрақты жол құрылысы саласында тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік берді.